Оңдасын Оразалин көпбалалы отбасыларға жеке тұрғын үйлердің кілтін табыстады

Ақтөбе облысының әкімі Мәртөк ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысты. Өңір басшысы “Жұмыспен қамту жол картасы” аясында жүзеге асырылып жатқан мәдениет үйінің күрделі жұмысын көрді. Нысанның жөндеуіне 139,9 млн тг бөлінген, жұмыспен қамту орталығы арқылы жергілікті 21 азамат жұмыспен қамтылды. 2020 жылдың тамыз айында аяқталуы тиіс. №3 Мәртөк орта мектебіне, № 1 Мәртөк орта мектебі «Қайрат» стадионына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс басшысы нысандарды аралап, құрылыс сапаларын бақылады. “Ауыл ел бесігі” бойынша іске асырылып жатқан білім ошағының жөндеуін «Алихан Ойл 3» ЖШС мердігер мекемесі мамыр айынан бастап жүзеге асыруда. Ол үшін 195,1 млн.тг бөлінген. Мектеп айналасына көгал төселіп, абаттандырылады. Жергілікті 25 азамат жұмысқа тартылды. Жөндеу жұмыстары осы жылдың тамыз айында аяқталады. Ал, стадионның жөндеуіне 116 млн.тг қаралды. Теннистік корд, жүгіру жолақтары, әкімшілік ғимарат, спортшылардың киім ауыстыру бөлмелері салынады. Жобаны іске асыруда пайда болған 15 бос жұмыс орнына жұмыссыз азаматтар еңбекпен қамтылды. Нысандардың жөндеуі тамыз айында аяқталады. Аймақ басшысы аудан орталығында Жамбыл көшесіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың салыну барысын қарады. Жұмысшылармен кездесіп, айлық- жалақыларының уақытылы төлену мәселесін сұрады. Биыл Мәртөк ауылдық округіне абаттандыру, жарықтандыру , көркейту жұмыстарына 1,5 млрд тг бөлінген. Ауылда жалпы ұзындығы 17,8 км болатын 12 көшеге тротуар, 8,4 км болатын 4 көшеге орташа жөндеу жұмысы, 35 км құрайтын 17 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 3 саябақ қалыпқа келтірілуде.Облыс әкімінің ұсынысы брйынша аталған жұмыстарды аудандық депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері бақылауда ұстайды. Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысындағы алғаш ашылған және бірігей отбасылық үлгідегі балалар үйінде болды. Мәртөк отбасылық үлгісіндегі КММ балалар үйінің тәрбиеленушілермен кездесті. 9- сынып бітіруші 3 оқушыға Ақтөбе қаласындағы колледждерде білім алуға оқу грантын табыстады. 2016 жылы ашылған мекемеде 9 ұл- қыз тәрбиеленуде.Құмсай ауылында 20 жеке тұрғын үйлердің кілті баспана кезегіндегі көп балалы отбасыларға табысталды.Сондай-ақ, балаларға демалыс лагерлеріне жолдама, ноутбук сыйлады.”Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша салынған нысандардың құны 147,7 млн.теңгені құрайды.Бір тұрғын үйдің алаңы 96, 112 ш/м. Егін, мал шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік қарастырылған. Мәртөк ауданында 437 көпбалалы отбасы бар. Ауданда жыл сайын жаңа пәтерлер бой көтереді.Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлына мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарының уақытында аяқталуын, инвестиция көздерін кеңейту жұмыстарын белсенді атқаруды тапсырды.