Қазақстандағы алғашқы инспекциялық тексеру кешені Ақтөбе облысының «Жайсаң» шекара бекетінде ашылды

Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық прокуратураның, полиция және мемлекеттік кірістер департаменттері мен №2030 әскери бөлімінің басшылары қатысты. Өңір басшысы «Жайсаң» шекара бекетінің қызметкерлерін айтулы оқиғамен құттықтады.
«Мемлекет басшысы еліміздің шекара қауіпсіздігіне баса назар аударады. Бұл маңызды нысанның ашылуы осының айқын айғағы. Өңірде шекара жүйесінің қызметін жетілдіру, шекара бақылауы кезінде заманауи технологияларды пайдалану, Қазақстан аумағына заңсыз тауарлардың, қару мен есірткі заттарды әкелудің алдын алу шаралары қабылданып жатыр», — деп атап өткен облыс әкімі № 2030 әскери бөлімінің төрт әскери қызметкеріне мемлекеттік шекараны күзетуде көрсеткен жоғары нәтижелері үшін алғыс хаттар табыс етті.
Кейін Оңдасын Оразалин инспекциялық тексеру кешенімен, оның мүмкіндіктерімен танысып, іске қосты да жабдықтың қалай жұмыс жасайтынын тексерді.
Бұл шекара бекетінде орнатылған Қазақстандағы алғашқы кешен. Оның алаңы 450 шаршы метр, биіктігі 6 метр және тәулік бойы сағатына 20 бақыланбалы нысанды өткізуге мүмкіндігі бар, металл құрастырылымнан жасалған.
Кешен көліктің барлық түрін және олардың ішіндегілерді тексеруге арналған. Бақылау аймағы айналадағылардың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, ал осында орнатылған сканерлеу құрылғысы ауыр жүк көліктеріндегі немесе контейнерлердегі тауардың формасын көре алады, бұл тауардың декларацияға сәйкес келетіндігін, контрабандалық заттардың бар немесе жоқ екендігін бақылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, шекара бекетінде бақылау сапасы айтарлықтай артатын болады. Жоба құны 1 млрд теңге. Бірнеше жылдың ішінде Ақтөбе облысының барлық шекара бекеттері осындай кешендермен жарақтанатын болады.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі