Мәртөк ауданына жаңа әкім тағайындалды

7-мамыр күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк ауданына барған жұмыс сапарында аудан активі мен тұрғындарға жаңа әкімді таныстырды. Аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен бұл қызметке Ермек Кенжеханулы тағайындалды. Оның кандидатурасы бүгінгі өткен кезектен тыс аудандық мәслихатта мақұлданды.Ермек Кенжеханұлы жоғарғы білімді «Болашақ» бағдарламасымен Рединг Университетінде (Ұлыбритания) «ауыл шаруашылығындағы бизнесті басқару» мамандығы бойынша, магистратураны «Аджу» (Корея) университетінде «әкімшілік іскерлік» бойынша бітірген. Сонымен қатар, инвестициялық басқару мамандығының магистрі және заңгер бакалавры.Ол «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ кредиттік өнімдерді дамыту бөлімінің менеджері, «ARKA Investment Management Company» АҚ Басқарма басшысы; Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы әкімі аппаратының басшысы; ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департаментінің бастығы; Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі; Ақтөбе облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.2018 жылдың маусым айынан бастап бүгінгі күнге дейін Ақтөбе облысының ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасын басқарды. Өңір басшысы ауданның жаңа әкімінің алдына бірқатар міндеттер қойды. Аудан экономикасының дамуы, әл-ауқаттың жақсаруы және кірістердің артуы, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздықты төмендету, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын дамыту, мал санын арттыру, инвестициялар тарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз басымдықтарын атап өтті. «Тағайындау кезінде алған біліміңіз бен тәжірибеңіз ескерілді. Бар күш-жігеріңізді тапсырылған жұмыстарға жұмсайды деп сенемін»-деді, облыс әкімі жаңа басшыға.Сонымен қатар, облыс басшысы Ермек Кенжеханұлына халыққа жақын болу, тұрғындармен көбірек кездесулер өткізу, аудан тұрғындарының проблемалық мәселелерін тез арада шешуді тапсырды.Мәртөк ауданының бұрынғы басшысы Жандос Байырханов басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз еркімен жұмыстан босатылды. Облыс басшысы оған алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі