Ақтөбеде 5-ші буынды «Green Capital Kazakhstan» жылыжай кешені ашылды

Ақтөбеде «Green Capital Kazakhstan» ЖШС жылыжайы ресми түрде ашылды. Жоба Нидерландыдан инвестиция тарту арқылы Қазақстан-Венгрияның инвестициялар қорының қатысуымен жүзеге асырылды.
Жылыжай кешенінің ашылу шарасына Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дирк Ян Коп, Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андраш Барани қатысты.
«Барша Ақтөбеліктерді қаламыздың 150 жылдығы қарсаңында іске қосылғалы тұрған заманауи жылыжай кешенінің бірінші кезеңінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Аталған кешен Тұңғыш Президенттің тапсырмасына сәйкес, халық табысының өсуіне және ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға ықпал етеді деп сенемін. Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту арқылы ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік қолдау көлемі артып, тың жобалар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары құрылып отырғанын айтып өткім келеді» - деді О. Оразалин өз құттықтауында.
Ал, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Нидерланды Қазақстанның экономикасында инвестиция бойынша көшбасшы екенін атап өтті.
«2005 жылдан бастап Қазақстан экономикасына Нидерланды мемлекетінен 80 млрд. доллардан жоғары инвестиция тартылған. Қазірде 1000-нан астам голландық компания Қазақстанда жұмыс жасайды. Бүгін тағы да голландық капиталдың қатысуымен тағы бір үлкен жобаның ашылуына куә болып отырмыз. Бұл жоба Қазақстан Республикасы мен Нидерланды Корольдігінің арасындағы сауда-экономикалық қатынастың нығаюына септігін тигізеді деп сенемін»-деді министр орынбасары.
«Green Capital Кazakhstan» ЖШС бас директоры Алевен Диедерик Теодориктің айтуынша, жаңа жылыжайда қияр, қызанақ өсірілетін болады. Жоба 2021 жылға дейін үш кезеңде жүзеге асады. Инвестицияның жалпы құны 20 млрд теңгені құраса, заманауи нысанның көлемі 20 гектарды алып жатыр.
Бірінші кезеңде, яғни, 2018 жылы желтоқсанда 5 гектар алқапқа қызанақ егілген. Дәл қазір бірінші өнімді жинау науқаны жүріп жатыр. Өндірістің толық қуаттылығы жылына 14 мың тонна.
Жобаны іске асыруда 2021 жылға қарай 260 жаңа жұмыс орындары пайда болады. Сондай ақ, бәсекелестікті арттыра отырып, өнім ішкі нарықты қамтитын болады. Одан артылған өнім экспортталады.
Мемлекеттік зор қолдаудың арқасында облыста соңғы үш жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 24 %-ке артып, 228,2 млрд. теңгені құрады. Ал, соңғы үш жыл ішінде ауыл шаруашылығына 45,5 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған.
Айта кетейік, «Green Capital Kazakhstan» ЖШС ауылшаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік «Аграрная кредитная корпорация» АҚ арқылы іске асатын «Агроэкспорт» бағдарламасына қатысады.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі