300 адамдық жаңа мешіт ашылды

Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында дінаралық қатынастардағы толеранттық, ұлтаралық және дінаралық келісімнің Қазақстандық модулі бүкіл әлемді мойындатып, үлгі көрсетті. Сол діни бостандығымыз бен бірлігіміздің көрінісіне біздің ауданымыз да куә болды.
Әрбір мұсылманның қасиетті де киелі борышы, рухани тыныштығының бастауы - мешіт қабырғасы. 5-ші сәуір, Қасиетті жұма күні ауданымыз үшін тарихи маңызы зор күндердің бірі болып есте қалды. Аудан тұрғындары мен жанашыр азаматтар арқасында 2017 жылы ірге тасы қаланып бастаған мешіт зәулім ғимаратқа айналды. Бұрынғы «Ықылас» имандылық ошағының ғимараты 150 адамға арналған болса, жаңадан бой көтерген Алла үйінде бір мезетте 300 адам құлшылығын өтей алады. Ішінде ерлер мен әйелдерге арналған бөлек екі қабатта намаз залы, құран оқуға арналған бөлме бар. Ашылу салтанаты алдында мінажат үйі жанына 13 шырша ағашы отырғызылды. Салтанатты шараның шымылдығын Ақтөбе қалалық мешітінің азаншысы Камен Ерұхан қасиетті Құран оқумен ашты. Мұнан соң өңіріміз үшін маңызы зор нысанның ашылу салтанатына арналған игі шараға арнайы қатысқан Оңдасын Сейілұлы Оразалин, жаңадан ашылған мешіт рухани орталық бола отырып, мәртөктіктердің ауызбіршілігінің мол екендігінің бір айғағы болғанын айтты.- Бүгін барлығымыз Мәртөк ауданының орталығында игі шарада бас қосып отырмыз. Баршаңызды жаңа мешіттің ашылуымен құттықтаймын. Дін - тұрақтылық пен ауызбіршіліктің алтын көпірі. Ұлтымыздың көсемі, данышпаны Әлихан Бөкейханов: «Халқына қызмет ету, білімнен емес, иманнан; шайтан жұмақтан білімсіздігінен қуылған жоқ, имансыздығынан қуылған» - деп тамаша өсиет қалдырған ғой. Рухы биік, жаны таза адамның пиғылы да дұрыс болады. Бүгінгі ашылып жатырған Алланың үйі ата-бабамыздан қалған дәстүрлі діни жолды насихаттауға, жастарымызды түзу жолға салып, тәрбиелеуге үлес қосады. Көптеген алтын жүректі тұрғындардың бірлесуімен осындай тамаша ғимарат бой көтерді. Ол елдің ауызбіршілігін көрсетеді. Аудан тұрғындарын Алла Тағала осындай ауызбіршілік пен сыйластықтан айырмасын! - деді облыс басшысы. Игі іс барысында аудан кәсіпкерлері көп балалы отбасыларға қаржылай көмек сертификаттарын табыстады. Жеке кәсіпкерлер Зұлхожа Қожаев Гүлжан Казиеваға 500 мың теңге, Ербол Үмбеталин Гүлайым Мұналбаеваға 300 мың теңге, Болатбек Байтурлин Валентина Винске 300 мың теңге, Мұхтар Ермұханов Құрбангүл Тоқтабаеваға 300 мың теңге көлемінде тұрғын үй жөндеу жұмыстарына сертификаттар табыс етті. Игілігі мол бұл істің бастамасына ауыл ақсақалы қол жайған жамағатқа ақ батасын берді. Шара соңында қонақтар мен Мәртөк халқы мешіт ғимаратымен танысуға шақырылды.Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан:- Облыс бойынша 68 мешіт бар. Мәртөк ауданындағы ашылып отырған жаңа мешіт мұсылман жамағатын қуанышқа бөледі. Бұл тұрғындардың қажеттілігіне орай бұрынғы 150 адамдық кіші мешіттің 300 орынға кеңеюі жергілікті мұсылман жамағатының өскендігін көрсетеді. Алдағы уақытта құлшылық жасауға, ғибадат етуге, діни рәсімдерді осында атқаруға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Имандылық ошағының құрылысына, мешіттің ірге тасының қалануынан бітуіне дейін ат салысқан бұрығы аудан әкімі Нұржауған Қалауовқа, қазіргі аудан басшысы Жандос Баирхановқа, кәсіпкерлер мен әрбір тұғынға діни басқарманың атынан алғыс білдіремін. Көпшілік болып атсалыспаса бұл іс бітпес еді. Мәртөк жамағаты тағы бір мәрте өздерінің ауызбіршіліктерін дәлелдеді. Аз ғана уақыттың ішінде көркем ғимарат, Алла үйі пайдалануға беріліп отыр. Алдағы уақытта бұл нысанда ұлтаралық, дінаралық татулықты нығайтатын, мұсылмандардың игілігінде, жақсылығы мен қуанышында, діни рәсімдерді дұрыс атқаруына қызмет ететін бір орталық болсын деп тілек айтқым келеді. «Мәртөк-құрылыс» ЖШС-нің басшысы Айбар Уақбаев:- Мешіттің құрылыс жұмыстары қолға алып, басталғалы басы қасында жүрдім. Құрылысқа жер бөлініп, шаршы метрі 300-ге жуық ауданға орналасты. Мешіттің құрылысына екі жылдай уақыт, 25 миллион шамасында қаражат жұмсалды. Көлемді қаражат бөлініп, ауқымды жұмыстар жүргізілгендігінен тұрғындар хабардар.