Жаңа форматтағы аәк жүйесі

«Nur Otan» партиясының съезінде Елбасы халықтың тұрмыс сапасын көтеру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге байланысты бірқатар нақты міндеттер жүктеген болатын. Сол себепті «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі әзірленді.
Сәуірдің 1-нен бастап ауданда жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініштер Сейфуллина 38 мекен-жайында орналасқан аудандық жұмыспен қамту орталығында және де ауылдық округ әкімшіліктерінде қабылданып жатыр. Осыған дейін атаулы әлеуметтік көмек, ең төменгі күнкөріс деңгейі 14 849 теңге болса, 1-ші сәуірден бастап бұл көрсеткіш 20 789 теңгеге дейін өсті. Егер отбасының кірісі жан басына шаққанда 20 789 теңгеден кем болса, онда бұл отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тиесілі.Орталық директоры Игілік Жұмабаевтың айтуы бойынша, осы науқан басталғалы орталық мамандары арнайы нұсқаулықтармен толықтай танысқан. Өтініштерімен келген адамдарға кеңес беруге сақадай сай. Жаңадан тағайындалған АӘК е-халық бірыңғай ақпараттық жүйеде қабылданады. Бұл жүйе арқылы өтініш беруші туралы мәліметтердің бәрі анықталады. Отбасының жалпы кірісі, қанша жәрдемақы алатыны, тұрғылықты жері, тағы басқа мәліметтер.Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек деген кімдерге тиесілі?- Сәуір айына дейін орталық қызметкерлері мен ауыл-аймақ мамандары аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік карта жасады. Құжаттың сапалы жасалуы үшін барлық (отбасы мүшелері, табыс көздері, тұрғын үйдің, автокөліктің, қосалқы шаруашылықтың, жұмысының бар-жоғы) мәліметтер е-халық ақпараттық бағдарламаға енгізілуде. Егер өтініш беруші туралы орталыққа толық ақпарат алдын ала е-халыққа енгізілген болса, ол тек қана жеке басының куәлігімен жүгіне алады, - дейді Игілік Тілеубайұлы.АӘК-тің ең басты мақсаты отбасының қиын жағдайдан шығуына көмек беру. Жаңа форматтағы шарты бар атаулы әлеуметтік көмек 1 жылға тағайындалады. Бұған дейін 6 ай болатын. Ал, шартсыз атаулы әлеуметтік көмек жарты жылға тағайындалатын болады. Осыған дейін ол 3 айға ғана есептелді. - Кейбір әйелдер өздерін «жалғыз басты ана» деп санайды. Бірақ, орталық мамандарымен сұхбаттасу барысында олардың ажырасқаны анықталады. Бұл жағдайда «Неке және отбасы туралы» Заңға сәйкес алимент алуға әрекет ету керектігі айтылып жатыр. Және де осы АӘК алу үшін заңмен ажырасып, бірақ шын мәнісінде бірге тұрып жатырған отбасылар да бар, - деді жұмыспен қамту орталығының директоры.Мұндай жағдайларды учаскелік комиссия мүшелері анықтайды. Олар әр селолық округтерде құрылған. Комиссия өкілдері әр ауланы аралаған кезде осы секілді олқылықтарды анықтауға тиісті. Отбасының жиынтық табысын есептеу барысында ондағы 18 жасқа дейінгі мүгедек балаға мүгедектігіне байланысты төленетін жәрдемақы, жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің шәкіртақы (23 жасқа дейін), көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы сынды басқа да мемлекеттік жәрдемақы түрлері отбасының жиынтық табысы ретінде есептелмейді. Бұрын осының бәрін отбасылық кіріс ретінде саналатын. Аталмаған табыс көздері де анықталып жатыр. Мәртөкте тұрып жатырған, бірақ тіркеуде басқа ауданда немесе басқа облыста екендігі анықталуда. Осы мәселе төңірегінде аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгінетіндердің көпшілігін әр өтініш берушіге АӘК-тің көлемі әр түрлі мөлшерде тағайындалуы мазалайды. Әр отбасының жағдайы, табыс көзі әртүрлі екендігі толық түсіндірілуде.Мәртөктіктерден қабылданған құжаттар бір күн ішінде жергілікті учаскелік комиссияға тапсырылады. Содан соң 3 күннің аралығында комиссия отбасының жағдайын (үй аралап) арызында көрсетілген жағдайға куә болып, қол қойып кері орталыққа қайтарады. АӘК тағайындау істері арнайы бағдарламаға енгізілгеннен кейін келесі айдың, яғни мамырыдың басында өтініш берушіге аударылады. Бұрын 1 сәуірге дейін тағайындалған АӘК автоматты түрде жаңа тағайындаумен қайта есепке алынады. Тіркелген база автоматты түрде АӘК тағайындау немесе тағайындамау турасындағы шешімді шығарады. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында қолға алынған шара. Біздің басты міндеттеріміздің бірі мемлекет қаражатының талан-таражға салынбауын қадағалау, алаяқтыққа жол бермеу. Негізгі табыс көздерін жасыру арқылы өтініш берушілердің кесірінен көмекке зәру, мұқтаж отбасылар назардан тыс қалып қойып жатыр, - дейді орталық директоры. Бүгінгі таңда аудан бойынша 62 өтініш қабылданып, ағымдағы айдың аяғына дейін есептеу бойынша әлі де 250 отбасы жоспарлануда.