Дәстүрді дәріптеген Жайсаңдағы ұлы күн

Жыл басын, ізгілік пен мейрімділіктің, береке мен бірліктің мейрамын жайсаңдықтар ерекше көңіл күймен, ыстық ықыласпен қарсы алады. Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесінің дәстүрімізді паш етіп, асыл мұраларымыздың бедерін айшықтаудағы орны ерекше болды. Бұл мерекені жыл сайын тойлау Жайсаң ауылында дәстүрге айналған. Ал, биылғы наурыз мерекесін өткізуге Жайсаң арнайы білім беру ұйымы жауапты болды және Мекеменің барлық ұжымы бірлесіп кештің жоғарғы деңгейде өтуіне бірауыздан атсалысты.
Наурыздың 21 күні ауыл халқы Жайсаң арнайы білім беру ұйымына қарай ағылып жатты. Киіз үй тігіліп, қазандар асылды. Ыстық бауырсақтар пісіріліп, халыққа таратылды. Жыл бастауы - Наурыз мерекесіне орай байқау өткізіліп, қазақ, орыс, грузин, неміс, ұйғыр, украин, армян, өзбек, беларусь және татар ұлттарының дастарханы жайылды. Бұл байқаудың қорытындысы бойынша «Әр ұлттың дастарханы» номинациясында III-ші орынды «өзбек», II-ші орынды «ұйғыр», I-ші орынды «неміс» асханалары жеңіп алып, сыйлықтармен марапатталды.Думанды тойда алғашқы құттықтау сөз аудан басшысына берілді.- Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл - күн мен түн теңесетін, жалпы жер бетіндегі тіршілік оянатын ұлы мереке. Осы күннен көптеген игіліктер бастама алады. Өткен бір жылғы еңбегіміз бен жасаған жақсылықтарымыздың жемісін көріп, жаңа бастамаларға жол бастайтын күн. Бүгін сіздерді мерекелеріңізбен тағы да бір мәрте құттықтай отырып, еліміздің тыныштығын, отбасыларыңыздың амандығын тілеймін, - деді Жандос Баирханов.Ақ тілекті жалғаған Жайсаң селолық округінің әкімі Жәдігер Есмухамбетов:- Құрметті ауылдастар, бүгінгі Жыл бастауы – Наурыз мейрамы құтты болсын! Келіп жеткен жаңа жыл табысты болсын! Отбасыларыңызға амандық, бейбіт елімізге тыныштық тілеймін, - деді.Тарихи тамыры тереңге бойлаған Жаңа жыл мейрамы аясында аударыспақ, қыз қуу, бәйге сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылып өткізілді. Шара барысында қазақтың ұлттық спорт ойыны, шабандоздардың ат жарысы - бәйгеге қатысып Еламан Жансейтов III-ші, Николай Горьков II-ші, Амангелді Жанабергенов I-ші орынды еншіледі. Ал, қазақ халқының өте ертеден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі - «Қыз қуу»-ға Жайсаң арнайы білім беру ұйымының тәрбиешілері Айтқабыл Хұпыр мен Айнагүл Оразова белсене қатысып, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында дарынды өнерпаздар өз өнерлерін паш етіп, ән-жыр шырқалды, би биленді. Гүлмира Тәжібай «Нұрым» термесін, Мұхаммеджан Ұзақбаев «Саған халқым-ай», Әсел Қайырқызы «Ақ жайнақ», Шаризат Закенова «Көктем Наурыз» және әнші қыздар «Отырардағы той» попури, Нұргүл Тулегеновна «Еркем-ай» әндерін шалқыта орындады.Сонымен қатар, салт-дәстүрді, әдет-ғұрып насихатталып, сәбиді бесікке салу рәсімдері бұл күннің шырайын келтіре түсті. Жиылған халық концерт тамашалап, мерекелік дастархандағы наурыз көже, бауырсақ пен палаудан дәм татып, ойындарды тамашалап көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Молшылық пен жақсылықты дәріптейін осынау байырғы заманнан келе жатқан «көктемгі жаңару» мерекесі жайсандықтардың есінде осылай қалды.