Ел алдындағы есеп

Қаңтардың 19 күні аудан әкімі Жандос Баирханов өзінің ел алдында есеп беру жиынын Қызылжар және Байторысай округтерінде жалғастырды. Екі ауылда өткен есепті кездесуге облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Нұрлыбекқызы Даржанова қатысып, өз саласына қатысты түсінік беріп, кәсіпкерлік тақырыбында әңгіме өрбітті. Сонымен қатар өзіне байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді.
Алдымен Қызылжар елді мекенінде ауылдық округ әкімі Арман Ахметов, содан соң аудан басшысы Жандос Баирханов өткен жылғы атқарылған жұмыстары және де осы жылға арналған міндеттері туралы байыпты баяндама жасады.
Алдымен Қызылжар ауылдық округ әкімі бір жылда атқарған жұмыстарының есепті баяндамасын ұсынды. Кәсіпкерлік, әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, құрылыс, қылмысқа қарсы күрес, қол жеткен жетістіктер жайлы кеңінен баяндап берді. Сондай-ақ Арман Ибрайұлы атқарылуы ағымдағы жылдың еншісіне тиіп отырған жұмыстар жайында тізбелеп, жиынға қатысушылардың назарына ұсынды. 2019 жылыдың жоспарында Қызылжар ауылындағы жарықтандырылмаған көшелерді жарықтандыру. Қыс мезгіліндігі ауыл жолын қардан тазалау. Қызылжар, Бөрте елді мекендерінде ғаламтор жылдамдығын көбейтуге ықпал ету. Торанғұл өзеніндегі көпірдің құрылысын аяқтау бар екендігі де айтылды.
Мұнан соң Жандос Бақытбекұлы ауданның жыл ішінде өсіп-өркендеуін, әлеуметтік-экономикалық дамуын, жалпы барлық саладағы ауқымды атқарылған жұмыстарды слайд арқылы көрсетіп, алдағы жылдары атқарылатын жұмыстарға да тоқтала кетті.
Әкімдер есебінен кейін сұраққа кезек беріліп, ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Онда шаруа қожалықтарына қосымша жер телімдері мен бөгет беру мәселесі жеткізілді. Аудан басшысы жер мәселесі заңнамаға сәйкес игерілмеген жерлерді қайтару арқылы шешілетіндігін жеткізді. Аудан басшысы басқа да халық тарапынан қойылған түрлі сұрақтардың барлығына тиісінше жауабын берді.
Әділбек Қуанов, кәсіпкер: - Бүгінде өріс алған «Бизнестің жол картасы-2020» секілді бағдарлама бизнес өндірісінің кеңеюіне жол ашты. Менің ойымша аудан көлемінде мемлекеттік бағдарламалар тиісінше орындалуда. Аудан орталығы жылдан жылға айтарлықтай көркею үстінде. Ал, ауылдарда балаларға ойын алаңқайлары, футбол алаңдары жасалуда. Аудан және округ басшыларына тек қана алғысымды айтқым келеді. Атқарып жатырған жұмыстарын жақсы деп бағалаймын.
Осы күні түс қайта Байторысай ауылындағы округ және аудан әкімінің халық алдындағы есебі Байторысай орта мектебінің спорт залында жалғасын тапты. Әдеттегідей алдымен ауылдық округ әкімі Қалыбай Жұмабаев «Байторысай ауылдық округінің 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2019 жылға арналған міндеттері туралы» есебін баян етті.
Келесі кезекте Жандос Баирханов аудан көлемінде тындырылған істерге нақты тоқталып, атқарылған жұмыстарды қамтитын бір жылдық есебін берді. Сондай-ақ аудан бойынша өткен жылы қол жеткен жетістіктерді атап, әр сала бойынша атқарылған жұмыстарды жан-жақты айтып өтті. Өңір басшысы мұнда да ауданның жыл ішінде өсіп-өркендеуін, әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндап жеткізді. Алдағы жылдары атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Ауданымызға тиімді аграрлық саланың жеңілдіктерін пайдалану арқылы өсіп-өркендеудің жолдарын түсіндірді. Ауылдық округ тұрғындарын «Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан», «Ырыс» секілді мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырды. Есепті баяндамадан соң сұрақтар мен тілектерге кезек берілді. Ауылдық округ тұрғындары тарапынан ұялы байланыстың қашан дұрысталатындығы, жоғары жылдамдықты ғаламтор қажеттігі, Байторысайда ауылдық клубтың ғимараты салыну жоспарда бар ма деген сауалдар жолданды.
Қойылған сұрақтарға аудан басшысы нақтылы жауап берді. Алдағы уақытта орнатылады, «Қазақтелеком» АҚ жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бекітілген бағдарламаға байланысты жақын арада қосылады. Ауылдық клуб ғимараты жоспарда жоқ екенін айтты.
Татьяна Свичкарь, Байторысай ауылының тұрғыны: Кездесу барысында ауыл зейнеткерлері белсенділік танытып, ұялы байланыс және жоғары жылдамдықты ғаламтор мәселелерін көтерді. Ауыл тұрғындары мазалайтын жолды жөндеу сынды әлеуметтік тұрғыдағы проблемалардың шешілуіне ықпал етуші аудан әкімінің жұмысына қолдау білдіріп, жақсы бағасын берді.