ЖҰРТШЫЛЫҚ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТЫ БАҒАЛАДЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің №190 «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына орай аудан, ауылдық округ әкімдерінің бір жылда атқарылған есептері ауданымыздың барлық аймақтарында өтіп жатыр. Ауылдық округ әкімдері мен аудан әкімінің 2018 жылдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстары туралы халық алдындағы есебі сәрсенбі күні Сарыжар және Тәңірберген ауылдық округтерінде жалғасты.
Есепті кездесуге Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева, бөлім басшылары, «НұрОтан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, округ бойынша мәслихат депутаты және ауыл тұрғындары қатысты. Алдымен Сарыжар ауылдық округінде өткен кездесуде округ әкімі Арман Есенов жыл ішінде атқарылған жұмыс, әлеуметтік - экономикалық даму туралы есебін берді. – Ауылдық округ аумағында 5 ЖШС, 24 шаруа қожалықтары, 19 дүкен, 64 жеке кәсіпкерлер бар. Ауылда 3 шаштараз, 2 тігін цехы,1 қоғамдық монша, 2 наубайхана,1 тойхана, 1 мейрамхана, 1 техникалық қызмет көрсету стансасы бар. «Көгалдандыру, санитарлық тазартуға және абаттандыруға бағытталған» санитарлық тазалау айлықтарында жалпы саны 41 сенбілік ұйымдастырылды, 156 тонна қоқыс шығарылды. «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы аясында ЖК Оразимбетова Еркинай 3 млн. теңге көлемінде грант ұтып алды. Қорғаған жобасы – «Ешкі сүтін өндіру» жобасы. Бөлінген ақшаға «Заненский» тұқымды 20 бас ешкі (1 басы 150 мың теңге) сатып алынды. Күніне 35 литр сүт алады, алынған сүт өнімдерін Ақтөбе қаласындағы «Жилгородок» базарына тапсырады. Аудан бойынша ұйымдастырылатын ауыл шаруашылық жәрмеңкелеріне қатынасып, ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрақты көмектесіп отыр. 2 адамды (1 бақташы, 1 сауыншы) жұмыспен қамтып отыр, – деді ауыл әкімі. Сонымен бірге 2019 жылға қойылған міндеттерді де атап өтті. Олар: жұмыссыз азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамту, ауылішілік жолдарды орташа жөндеуден өткізу, ауылдың жаңа құрылыс бөлігінде балаларға арналған ойын алаңын салу, тұрғындардың жеке малдарын жайылымда сумен қамтамасыз ету үшін құдық қазу, көктемгі қар еру кезінде су басу қаупі бар жерлерден, Иманов, Жаңақоныс, Әйтеке би көшелерінің қиылысынан теміржол бойында орналасқан орман алқабына қарай арық жүргізу.
Келесі болып аудан әкімі Жандос Баирханов атқарылған жұмыстар, өткен іс-шаралар, сондай-ақ биылғы жылға жоспарланып отырған жұмыстарды кеңінен баяндады. – Ауылшаруашылық саласында айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткіздік. Ауданымыз көпұлтты. Өткен жылдың ішінде ауданымызда ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар орын алған жоқ. Бір жылда аудан халқы тату-тәтті жұмыс жасады. Жағдай бірқалыпты болды. Алға қойған мақсаттар орындалуда. Негізгі жоспарланған маңызды мәселелер орындалды. Қалып қойған кейбір мәселелерді осы жылға жоспарлап отырмыз, - деді аудан басшысы. Өз сөзінде аудан әкімі – аудан бойынша 27 мектеп 20 балабақша жұмыс жасайды. Апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер жоқ. Балабақшамен қамтылу 100 пайыз шешіліп отыр, - деді.
Сұрақ-жауап бөлімі келгенде ауыл тұрғындары атқарушы билік өкілдеріне алғыстарын білдірді. Бірнеше тұрғын көктем мезгілінде үйлерді су баспау үшін үй салуға жер берген кезде су басу қауіпі бар жерлердібермей, жер беру мәселесін дұыс қадағаланса, мал жайылымы, поезд жолынан өтетін өткел ауылға жақын көшірілсе, депутаттар ауылға келіп халық жағдайын біліп тұрса деген мәселелерді айтты. Жандос Баирханов сарыжарлықтарға аталған сұрақтардың аяқсыз қалмай, жан-жақты қаралатынын жеткізді. Шөп шабу кезеңінде шаруаларға жанар- жағар май арзандатылып берілсе деген ауыл тұрғынының сауалына Жандос Бақытбекұлы – Арзандатылып берілетін жанар-жағар майды шектеусіз беруге мүмкіндігіміз бар, бірақ ауылдарда шағын шаруашылықтар болғандытан қаладан барып алу тиімсіздеу боп тұр. Бір адам барып қалада әкелсе қымбатқа түседі. Ол үшін шаруалардың басын біріктіріп, жол шығынын азайтатын жағдай жасау керек, шаруашылықтармен бірігіп жұмыс жасасақ шешімі табылатын мәселе. Ал, алам деушілерге арзандатып беруге дайынбыз - деді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі қай кезде де халықтың мұң-мұқтажы ескерілетінін айтып, биыл да экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштерді арттыруға күш салатындығын айтты. Келелі кездесуден соң Жандос Бақытбекұлы қабылдау өткізіп, халықтың жеке басына қатысты мәселелерін тыңдап, сауалдарын жауап берді.
Олжагерей Шәріпов, кәсіпкер: - Жоспарлар орындалып жатыр. Жоғарыдан қаражат бөлінсе аудан, ауыл әкімдері барлығын жасайды деп ойлаймын. Қазіргі жағдайымыз көңіл қуантарлықтай, бұдан да жақсы болуы керек деп ойлаймын.
Бұл күнгі есеп беру кездесудің бірі түс қайта Тәңірберген ауылдық округінің Саржансай елді мекенінде жалғасын тапты. Ауылдық округтің жиылған жасы мен қарты ауыл әкімі Бостан Амантурлиевтің баяндамасын, артынша аудан басшысының «Мәртөк ауданының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2019 жылға арналған міндеттері туралы» есебін тыңдады. Тәңірберген ауылдық округінің әкімінің айтуынша округта ағымдағы жылы «Көк-өніс», «Владимир», «Влена» шаруа қожалықтары және ЖК Баймағамбетов көкөніс егумен айналысып, облыс және аудан көлемінде өткізілген жәрмеңкелерге белсенді қатысып, жалпы жиналған өнім көлемі қияр - 98, қызанақ - 75, асқабақ – 10, қырыққабат – 20, басқа өнімдер - 12 тоннаны құраған. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Есбол» ш/қ басшысы М.Карсаков Кеңсахара ауылынан балалар ойын алаңын салуға 1 000 000 теңге қаражат бөлген. Ағымдағы жылы Кеңсахара ауылынан 2 дүкен және Саржансай ауылынан 1 жанар-жағар май құю бекеті іске қосылған.
«Өнірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 1,467 мың тенге бөлініп, 1466,2 мың теңге игерілген. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 1271,2 мың теңгеге Саржансай ауылының ауылішілік жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалса, ал 195 мың теңгеге елді мекендердің көшелерін жарықтандыру үшін электротехникалық материалдар сатып алынған.
Мұнан соң аудан әкімі Жандос Баирханов өңір бойынша жалпы есебін баяндады. Ауыл шаруашылығы, білім беру, инвестиция, шағын және орта бизнес, жұмыспен қамту, жер қатынастары, құрылыс секілді салаларға жеке-жеке тоқталып, нақты мәліметтерді слайд арқылы көрсетті. Бірінші басшы ауданда ауыл шаруашылығы, суармалы егін шаруашылығы дамып келе жатырғанын атап айтты.
Сұраққа, ұсыныс-пікірге кезек беріліп, Тәңірберген ауылдық округінің елді мекеніндегі тұрғындарды мал жайылымы, зейнетақы алу, қоқыс шығару, қоқыс полигоны, ауылды көгалдандыру туралы мәселелер толғандырса, ауыл қарттары әкім есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Жиынды қорытындылай келе аудан басшысы сұрақтардың барлығына да тиянақты жауабын берді. Әуелде клуб мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен салынады деп жоспарланған, бірақ ол аудан бюджетіне тиімсіз болғандықтан әзірше клуб салу мәселесі тоқтатылды. Бірақ бұл мәселені шешу үшін басқа бағыттарды қарастыратын боламыз, деді аудан басшысы. Сонымен қатар, биылғы жылдың еншісінде әр ауылға бір «street workout», бір балалар алаңын салу тұрғанын айтып өтті.
Айгүл Нұрышева, ауыл тұрғыны: Ауылдық округ әкімі Бостан Амантурлиевке ризамын. Ауылымызға әкім болып тағайындалғаннан бері әр үйге кіріп жағдайымызды сұрайды, «кімге көмек керек, газ өткізілмеген үйлер бар ма» деп жағдайды анықтауға тырысып жүр. Жаңа жылды қарсы алғанда да арамызда жүрді. Алдағы жұмыстарына ауыл халқы атынан сәттілік тілеймін.