Ақтөбе облысының ең көне мұражайы жаңа ғимаратқа көшті

Ақтөбеде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Оның құрылысы былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында басталған болатын. Жоба құны - 650 млн. теңге, оның ішінде 200 млн теңгені осы өңірдің тумасы - кәсәпкер Исламбек Салжанов қаржыландырды.
Салтанатты шара басқа бір елеулі оқиға – «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесімен тұспа тұс келіп тұр.
Шараға ҚР Президенті кеңсесінің бастығы – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
- Барлық ақтөбелікті осындай атаулы оқиғамен құттықтаймын. Барлығыңызды жыл соңына дейін жұмыс жасайтын Елбасының көшпелі қор көрмесінің және облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспозицияларымен танысуға шақырамын,-деді облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде.
Айта кету керек, негізі 1929 жылы қаланған облыстық тарихи-өлкетану мұражайы бұған дейін тозығы жеткен және апаттық жағдайда тұрғандығына байланысты 2015 жылдың қаңтарында жабылған ескі ғимаратта орналасқан болатын. Ол жерде құнды жәдігерлер экспозициялық алаңдардың жетіспеушілігіне байланысты мұрағаттарда шаң басып тұрған. Жалпы алаңы 4,3 мың шаршы метрлік жаңа ғимаратта артефакттарды сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Келушілер үшін он зал қарастырылған. Онда археологиялық заттар мен раритеттер орналасқан.
Мұнда сондай-ақ, қосымша білім беретін, қалпына келтіру және көркемөнер шеберханасы, оқу залы бар ғылыми кітапхана, кәсіби қор сақтайтын жер бар. Айталық, мұражай қорларында 110 мыңға жуық жәдігер бар. Олар -минералогия, палеонтолгия, ботаника, археология, сәндік-қолданбалы өнер, нумизматика, сирек кітаптар, мұрағат құжаттары мен фотоматериалдар бойынша құнды топтамалар. Зергерлік әшекейлердің аса бірегей топтамалары үлкен беделге ие болды.
«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» қор көрмесі құрамына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағарту шаралары, сонымен қатар Ақтөбе облысы бойынша көшпелі экскурсиялар кіретін көшпелі көрме жобасының басты оқиғасы болып табылады.
Көрмеге келушілер Елбасы кітапханасының мұрағаттарынан, кітап, мұражай қорларынан алынған материалдармен таныса алады. Тұңғыш рет Ақтөбенің жалпақ жұртына Н.Ə.Назарбаевтың жоғары мемлекеттік марапаттарының бірегей жинақтары, мемлекет басшылары мен қазақстандық авторлардың сыйжазбалары, сонымен қатар, Елбасының шет тілдеріндегі еңбектері ұсынылуда. Тұрғындар мен қонақтар келесі жылғы қаңтар айының соңына дейін созылатын көрмені тегін тамашалай алады.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі