Ақтөбе облысы Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Өзбекстан экономиканың әртүрлі салаларында ынтымақтастықты нығайтады. 7 қарашада өткен кездесуде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Науаи облысы әкімінің орынбасары Фахриддин Солиев осындай келісімге келді. Өңір басшысы Өзбекстанмен өзара қарым-қатынасты жолға қою елдің сыртқы саясатының стратегиялық бағыты болып табылатынын атап өтті.
«Осы жылдың тоғыз айы ішінде Ақтөбе облысының Өзбекстанмен арадағы ішкі тауар айналымы11,4 млн. АҚШ долларын құрады, соның ішінде экспорт – 9,8 млн. АҚШ доллары, импорт 11,4 млн. АҚШ доллары. Көкөніс, бидай, арпа, ұн, күнбағыс майы, хром оксиді, қара металдардан жасалған өнімдер экспортталуда. Қарқынды дамып келе жатқан Науаи облысы біздің өңір үшін үлкен қызығушылық тудырады,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
«Біз Ақтөбеге тату көршілік қарым-қатынасымызды жалғастыру үшін келдік. Іскерлік байланыс орнатып, экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықты жолға қоямыз, сонымен қатар, өзіміздің атқарған жұмыстарымызбен және тәжірибемізбен бөлісеміз деп сенеміз»,- деді Фахриддин Солиев өз кезегінде.
Бердібек Сапарбаев делегацияға облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, мұнда бизнесті дамыту үшін, соның ішінде шетелдік компаниялармен де барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Тараптар өзара қарым-қатынас мүмкіндіктерін талқылады. Өңірлердің химиялық өнеркәсіпті дамытуда, Өзбекстанның ауыл шаруашылығы техникасын Ақтөбе облысында сатуда және сервистік қызмет көрсетуде дистрибьюторлық орталықтар ашуда әлеуеті зор, Өзбекстанның фармоцевтикалық секторын дамытудағы тәжірибесі, сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп салалары қызықты.
Осыған байланысты ақтөбелік тарап дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларды шығаруда Өзбекстанның фармацевтикалық компанияларымен әріптестікті жолға қоюды, сонымен қатар, тігін және трикотаж бұйымдарын шығаратын бірлескен кәсіпорындарды құруды жоспарлап отыр. Науаи облысының делегациясы екі күн бойы ірі кәсіпорындардың жұмыстарымен, өңірдің мемлекеттік-жеке серіктестікті дамытудағы тәжірибесімен танысып, әлеуметтік нысандарды аралайды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі