Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,9 трлн теңге жетті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,9 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен бері 1,4 трлн теңгеге артты. Ал 2018 жылдың басынан бері өсім – 1,1 трлн теңгені немесе 14 пайызды құрады. Бұл туралы БЖЗҚ басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева Алматыда өткен брифингте айтты.Оның айтуынша, 2018 жылдың 9 айы ішінде салымшылар мен алушылардың жаңадан 338,3 мың жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) ашылған. Ал осы жылдың 1 қазанына қарай шарттардың барлық түрі бойынша ЖЗШ жалпы саны 10,3 млн бірлікті құраған. «Зейнетақы жинақтарының басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан. Олардың сомасы 8,7 трлн теңгеге жетті. Ай сайынғы жарнаның орташа сомасы 15,6 мың теңге. Бұл ретте 2018 жылдың 9 айы ішінде түсімдердің жалпы сомасы 617 млрд теңгені құрады. Салыстырып қарайтын болсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде зейнетақы жарналары 553 млрд теңгені құрады. Бір жыл ішіндегі өсім 12 пайызды көрсетті»,-дейді С. Егеубаева. Сондай-ақ ол соңғы 9 айдағы БЖЗҚ зейнетақы төлемдерінің сомасы 130,9 млрд теңге болғанын жеткізді. «Олардың ішінде зейнеткерлік жасқа толу бойынша төлемдер – 70,7 млрд теңгені, сақтандыру ұйымдарына аударылған зейнетақы жинақтарының сомасы – 15,5 млрд теңге, ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 24,6 млрд теңгені және басқалай біржолғы төлемдер– 20,1 млрд теңгені құрады. Кесте бойынша ай сайынғы ең төменгі зейнетақы төлемі– 15 273 теңге, орташа ай сайынғы төлем – 20 179 теңге және ай сайынғы ең жоғары төлем – 337 059 теңгені құрады», -дейді ол.