Шағымдану тәртібі

9-тарау. ШАҒЫМ ЖАСАУ
47-бап. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасау
      1. Әлеуетті өнім беруші тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне, егер олардың әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, шағым жасауға құқылы.
      2. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттаманы орналастырған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, уәкілетті органға шағым жасалған жағдайда, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу мерзімі шағымды қарау мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
      3. Осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Әлеуетті өнім берушінің шағымы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы уәкілетті органға берілуі мүмкін.
      5. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімдерде уәкілетті органға шағым жасалған жағдайда, шағым келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады.
      Уәкілетті орган шағым келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды тоқтата тұру туралы хабарлама жібереді.
      6. Осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімдерде келіп түскен шағымды қарау нәтижелері бойынша уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу қорытындысының күшін жою не күшін жоюдан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылдаған шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағымдануға болады.
48-бап. Шағым беру тәртібі
      1. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне қатысты уәкілетті органға берілетін шағым мыналарды:
      1) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалатын заңды тұлғаның атауын, тұрған жерін;
      2) шағым берген тұлғаның атауын, тұрған жерін;
      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзушылық солардың шеңберінде жасалған мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтерді;
      4) тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың шағым жасалған әрекеттерін (әрекетсіздігін), шешімдерін қамтуға тиіс.
      Қажет болған кезде шағымға оның негізділігін растайтын құжаттар қоса беріледі.
      2. Шағымға оны берген тұлға немесе оның өкілі қол қояды. Өкілі берген шағымға сенімхат немесе өкілдің өкілеттіктерін куәландыратын өзге де құжат қоса берілуге тиіс.
      3. Егер:
      1) шағым осы бапта белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
      2) шағымға қол қойылмаса не қол қоюға өкілеттігі жоқ адам қол қойса, шағым келіп түскен күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде оны берген тұлғаға қаралмай қайтарылады.