Сыңғырла, алғашқы ҚОҢЫРАУ!

Аудандағы №4 Мәртөк орта мектебінде Білім күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Мұнтаздай болып киінген оқушылар қолдарына құшақ-құшақ гүл алып ертемен мектепті бетке алды. Ата-аналар мен ұстаздардың да жүздерінен ерекше толқыныс байқалады. Бұл күні білім ошағының алды ерекше безендірілген.Түрлі-түсті шарлар мен әралуан гүлдер мектеп ауласын одан әрі ажарландыра түскен. Құлаққа жағымды әуен баяу ғана ойнап тұр. Бұл жердегі әрбір зат «Кел, балалар, оқылық» деп тұрғандай. Көпшілік тағатсыздана күткен салтанатты жиналыс таңертеңгі сағат l0.00-де басталды. Алдымен еліміздің Әнұраны орындалып, биыл мектеп табалдырығын аттаған балақайлар мен он бірінші сынып оқушылары ортаға шықты. Шәкірттер дайындап келген тақпақтарын жатқа айтып, әннен шашу шашты.
Мерекеге арнайы шақырылған аудандық қорғаныс істер бөлімінің басшысы жиналғандарды жаңа оқу жылымен құттықтап:
— Құрметті ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар жаңа оқу жылында, жаңа мектеп қабырғасын аттағалы отырсыздар оң болсын, алып шыңдарды бағындырып, жетістікке жете беріңіздер. Мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған бүлдіршіндердің қадамдары сәтті болсын, білімнің шыңына жетіңдер! Мұғалімдерге шыдамдылық пен шығармашылық табыс тілеймін – деді, Қуат Жақанов.
Мерекелік жиналыста мектеп директоры Мұрат Айтназаров: «Дәл бүгін еліміздегі білім ошақтары есіктерін айқара ашты. Қазіргі таңда жаңа ғимараттың құрлысы 98 пайызға аяқталды. Қыркүйек айының 10-на дейін көшу жоспарланып отыр. Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған шәкірттер мен он бірінші сынып оқушыларын құттықтаймын. Балақайлардың еліміздің нағыз патриоты болып өсуіне тілектеспін. Мектебіміз бен ұстаздар қаумы аудан бойынша үздік қатарда екенін дәлелдеп келеді. Айтап айтсақ, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» атты педагогикалық қызметкерлердің аудандық тамыз конференциясындағы қабырға газеттері мен ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесінде білім беру мекемелері арасында I орынға ие болдық, ол біз үшін үлкен жетістік. Оқу жылы баршаңызға табысты болғай» - деп, бір қатар ұстаздар мен оқушыларды құтықтап, марапаттады. Алғашқы қоңырау соғылып, оқушылар үйреніскен парталарына жайғасты.
Алтын ұя мектебтің іргетасы 84 жыл бұрын қаланған. Сол уақыттан бері он мыңдаған ұл мен қыз білім алып, үлкен өмірге қанат қақты. Өткен жылы 331 оқушы білім нәрімен сусындаса, қазіргі күні 428 оқушы жаңа мектеп ғимаратында білім алуға асық. Бұған дейін аталмыш мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жасалып келсе, көп ұзамай жаңа мектептің табалдырығын аттағалы отырған ата-аналар мен оқушылардың қуанышында шек жоқ.