Ауыл көркі жастар

Бүгінде аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекендердің бойына қан жүгірту мақсатында қолға алынған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасып жатқан жастар көп. Мемлекеттік бағдарламның шапағатын да көрген жастар жетерлік. Солардың бірі Родниковка ауылының тұрғыны Жұлдыз Рахметова. Ол жоғары оқу орынын тәмамдап, туып-өскен еліне қызмет етуді көздепті. Осы тұста «Дипломмен ауылға» бағдарламасы оған көп көмегін тигізді.
Мемлекеттік бағдарлама аясында Жұлдыз жүз елу сегіз мың шамасындағы көтерме жәрдемақы алған. Ойыл ауданында туылған ол осыдан алты жыл бұрын жолдасы Азамат Жолдасовпен тұрмыс құрып, Родниковка ауылына келген. Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда фельшер болып жұмыс жасайды. Қазіргі таңда екі баланың анасы. Жас маман дипломмен ауылға келіп, көрсетілген көмекке риза екенін айтады.
- Біз өте бақыттымыз осылай жас отбасы болып, мемлекеттің көмегін алып жатқанымызға. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өте тиімді. Біздерге жұмыс жасап, үйлі болуымыз үшін де мемлекет қолғабыс жасауда. Бағдарламамен үй алуға арыз беріп қойдым. Арызыма қосымша, тұратын жерден анықтама, мүлік туралы анықтама, жұмыс орынынан анықтама ғана тапсырдым. Құжат жағынан еш қиындығы жоқ. Әлі хабар ала қойған жоқпын. Бұйырса бағдарламаның арқасында баспанамыз да болар. Жастарға аянбай еңбек етіңіздер дегім келеді. Біз мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке ризамыз, - дейді жас маман.