Жастармен өткен кездесу

Қыркүйектің 3-і күні аудандық Достық үйінде аудан әкімі Жандос Баирхановтың жастармен кездесуі болды. Бұнда ауданның өңірлерінен «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген жас мамандар, белсенді жастар, студенттер, оқушылар мен мүмкіндігі шектеулі жастар қатысты. Кездесу бейресми, еркін форматтағы пікіралмасу ретінде, сұрақ-жауап, ашық диалогтық алаң түрінде өрбіді.
Сәлемдесу сөзі аудан басшысына беріліп, ол қазіргі таңда мемлекеттің жастарға деген көңілі сондай-ақ жастар саясатын қолдауға бағытталған «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Болашақ», «Қол жетімді баспана», «Жас проджект» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды атап, оларға кеңінен тоқталып өтті.
- Жастармен кездесу, ой бөлісу менің жұмысымда жаңа қарқын, жаңа демеу
береді деп сенемін. Бұл жерде сіздерден әртүрлі ұсыныстар, идеялар түсуі керек. Кез-келген мемлекеттің, елдің болашағы сол елдің жастарына байланысты, сіздер, жастар елдің басты қозғаушы күшісіздер. Қазіргі таңда жастардың қалыптасуына,
өзін көрсетуге қай салада болмасын, көптеген мүмкіндіктер бар. Елбасымыздың алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін алған білімдерің мен күш-жігерлерің ауданның өсіп-өркендеуі жолында жұмсалуы тиіс.
Ауданда қазіргі таңда қолға алып, жоспарлап отырған жұмыстар өте көп, соның барлығы сіздер үшін, - деді Жандос Бақытбекұлы. Мемлекет тарапынан әрдайым қолдаудың барын айтып, Елбасының өзі үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
Мұнан басқа, аудан басшысы өңірдегі бетке ұстар мақтаныштарымыз, панкратион спорт түрінен әлем чемпионы болған Дәурен Ермеков және де «Мен қазақпын» телевизиялық жобасының республикалық байқауына жолдама алған, өнерге жақын, күйші Шабай Әзірбайды атап өтті. Жас жеткіншектерге солардан үлгі алып, ауданның қарқындап дамуы жолында бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы, орталық басшысы Айгүл Отаралина баян етті.
- Аудан бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 7049, яғни барлық тұрғындардың 23 пайызы. Орталыққа ағымдағы жылы 76 жас түрлі мәселемен, өтінішпен келді. Олар ақпараттық кеңес бойынша 75, оның ішінде тұрғын үй, кәсіпкерлік, ресурстық орталықтың жұмысы туралы, мемлекеттік бағдарламалар тағы басқа сұрақтармен, және 1 құжаттандыру мәселесімен жүгінді.
Ағымдағы жылы ауданда жастар саясатын жүзеге асыру бағытында Жастар ресурстық орталығы 82 шара, оның ішінде 17 кездесу, 23 спорттық сайыстар, 5 байқау, 5 семинар-тренинг, 15 акция, 15 өзге шаралар, 2 концерттік шара ұйымдастырылып, 5508 жастар қатысты. Орталықтың бастамасымен ауданымыздың талантты жастары туралы кітап шығарылды. Кітап шығарудағы мақсатымыз ауданымыздың талантты жастарын таныстыру, өскелең ұрпаққа үлгі ету, ауданымызда енді өсіп келе жатырған жастарды осы талантты жастарымызға қарап бой түзесе дейміз, - деді Айгүл Амангелдіқызы.
Жиын барысында Сарыжар ауылындағы мектепте «Шебер қолдар» үйірмесінде сабақ беріп, жас қыздардың бойындағы жаңа өнерін ашуға септігін тигізіп жүрген, «Зерде» тігінханасын ашып, көрпе, көйлек, жейде, алқа секілді қолдан жасалатын бұйымдар әзірлейтін, жас кәсіпкер Зерде Ильясова кәсіп иесі атану турасында кеңінен әңгімеледі.
- Бес жыл бұрын Сарыжар ауылына келіп, қолөнерден үйірме жүргіздім. Жұмысқа келген әр күнімде балаларды немен қызықтырам деген оймен жүрдім. Алғашында алған айлығымды қолөнер жасайтын бұйымдарға ғана жұмсап жүрдім. Көптеген көрмелерге белсене қатысып, көзге түстім. Тренингке қатыстым. Қатысқаннан бастап қызығушылығым оянып, жалға бөлме алдым. Екі жұмыста қатар жүріп, үш жыл бойына қаржы жинап, жер телімін алдым. Өткен жылдың желтоқсан айында тігін шеберханасын аштым, - дейді өз ойымен бөліскен жас кәсіпкер.
Сондай-ақ, «Жас проджект» жастар корпусын дамыту жобасына қатысып, бір миллион теңге грант ұтып алған Шынар Утемагамбетова, Дмитрий Литвинов, Берік Сәдуақасов және ең күрделі мамандықтардың бірі, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны ұлағатты ұстаз жолын тағдаған жас маман Еламан Қалыбаев, кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы тиімді бағдарламалардың бірі «Бизнес бастау» бағдарламасы аясында өз кәсібін ашқан Айсұлу Абитова жастарға толығырақ ақпарат беріп, ойларын ортаға салды.
Шара барысында ауданның талантты жастарының бірі, №4 Мәртөк орта мектебінің оқушысы, жас ақын Жаңажол Мұханов кездесуге орай арнау оқыды.
Бұл кездесу барысында қатысушылар аудан басшысының еңбек жолын қалай бастағаны турасында, жер мәселесі жайлы, Сарыжар ауылына саябақ керектігін, Қызылжар ауылында көгілдір отынның жоқ екендігі, Мәртөктің шет жақтарында тұратындар балабақшаға қатынайтын көлік болса деген және басқа да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Жалынды жастар аудан әкіміне өз көкейлерінде жүрген сұрақтарын еркін қойып, жауап алды.
Кездесуді қорытындылай келе Жандос Бақытбекұлы жастарға алғысын айта отырып, кәсіп ашып, жаңа жобаларды іске асыратын жастарға өз тарапынан қолдау көрсететінін атап айтты.
Галстуксыз жиын соңында Жандос Баирханов жастардың айтқан ұсыныстары мен сауалдарын негізге ала отырып, алдағы уақытта өзекті мәселелерді шешуге, сонымен қатар, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасау мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыты ретінде қарастырылатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ кездесуге қатысқан жастарға өз алғысын білдіріп, алдағы уақытта сәттілік тілеп, Жастар ресурстық орталық жұмысын жандандыру қажет екендігін айтып өтті.
Жүздесу соңында аудан әкімі ауданымыздағы шараларға белсенді қатысып, жастар саясатын дамытуға үлес қосып жүрген жастарды алғыс хаттармен марапаттады. Олар: жас мұғалім Оразбек Өтегенов, «Жасыл елде» үздік жауынгер атанған Көркемай Мәруақызы, жас кәсіпкер Зерде Ильясова, жас ақын Жаңажол Мұқанов, мәдениет саласының жас қызметкерлері Қымбат Қуантаева мен Самғат Артығалин.