Ел тұғыры – Ата Заң

Биыл сонау 1995 жылы республикалық бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңымызға 23 жыл толып отыр. Ата заңымыз-қазақ тарихындағы «Жеті жарғы» сынды бұлжытпас қағидалармен ерекшеленетін, бабадан қалған қасиетті сөздер мен адам өмірінің белгілі бір түзу жолмен өмір сүруге бағыт бағдар беретін заңдардың жалғасы. Қазіргі дүниедегі кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. Ұлы даланы мекендеген алты алаштың да өз дала заңдары, өзіндік конституциясы болғаны анық. Тарихты ақтарып қарасақ, «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы»,Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері қазақ елі Конституциясының ертеректе қаланған іргетасы іспеттес. Конституция мемлекеттің бүкіл құқықтық жүйесінің іргетасы, оның ең басты нормативтік қайнар көзі екені шүбәсіз. Ол қоғамдық қатынастарға мақсатты түрде ықпал етудің құралы, саяси жүйенің барлық буындары келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңызды шарты, заңдылық және құқық тәртібінің кепілі ретінде қызмет атқарады.
Осы орайда тамыз айының 30 жұлдызында Конуституция күніне арналған «Ата Заң – алтын қазық» атты мерекелік кеш өтті. Салтанатты шараны аудан әкімі Жандос Баирханов ашып: «1995 жылғы жалпы халықтық референдумда қабылданған Ата Заңымыз тәуелсіздік алғанан кейінгі халықтың маңызды таңдауы болып табылды. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың жүргізіліп отырған салиқалы саясатының нәтижесінде, Ата Заңымыз нығая түсіп, еліміздің дамуы мен халқымыздың әл ауқатын толықтай артып отыр. Еліміз егемендік алған кезде, кең байтақ жерін мекендеген көптеген ұлттар мен ұлыстар қоян-қолтық еңбек етіп, бейбіт ғұмыр кешіп келеді. Ең бастысы – ұлтаралық келісімділік пен достық, татулығы арқасында еліміздің саяси тұрақтылығы сақталуда. Осы мақсатта атқарылып отырған, көптеген игі істер соның айқын дәлелі екенін білуге болады. Сіздерді бүгінгі Қазақстан Республиксының Конуституция күнімен шын жүректен құтықтаймын» -деп, аудан тұрғындарына тілек-лебізін білдірді.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламаға ұласып, қазақ ұлттық аспаптар оркестрмен бастау алып, «Алтынай», «Арман» күйі шертілсе, «Қазақстан», «Астана», «Аманат», «Ұлы дала», «Қазағым-ай», «Толғау» әндерімен жалғасын тапты. Қ.Медетов атындағы өнер мектебінің талатты жұлдыздары «Еврей ұлттық биі», «Жасstar» биін мың бұрала биледі.
Осылайша дүниеге келген Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Қазіргі біздің өмір бойғы басты талабымыз– Ата Заңымызды құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы.