Сыңғырлаған алғашқы қоңырау!

Оқушылардың ала жаздайғы асыр салып ойнаған, бірі қалаға, бірі демалыс орындарына барып тыныққан мерзімдері аяқталып, жаңа оқу жылы басталды. Бала үшін мектеп үлкен өмірге алып кірер киелі босаға болса, ата-ана үшін ол ұрпағына қатысты ең асыл арманына үміт жалғайтын қасиетті ұғым. Сондықтан да халқымыз қашан да білімнің маңызын түсіне білген. Жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйекте №2 Мәртөк мектеп - гимназиясында білім күніне арналған «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты» атты салтанатты жиын болып өтті. Бұл күні білім ордасы алаңына ата-аналар, ұлағатты ұстаздар және жаңа оқу жылының күміс қоңырау үнін сағына, асыға жеткен оқушылар жиналды.
Аталмыш мереке мектеп қабырғасынан қанат қағып ұшқалы отырған түлектер үшін алғашқы қоңыраудың соңғы сыңғыры болса, алтын ұя мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған балдырғандар үшін қызықты, жаңа кезең. Сондай-ақ, жаңа оқу жылын алғаш бастағалы отырған жас ұстаздар үшін ұмытылмастай қуанышты сəттері. Жаңалық пен қобалжуға толы шара аудандық білім бөлімінің басшысы, ардагер ұстаздар жəне басқа да қонақтардың қатысуымен өтті.
Жиын барысында ортаға алғашқы болып мектеп табылдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршіндер шақырылды. Биылғы мектеп табалдырығын алғаш аттап, партаға отыратын 1 «А» және 1 «Ә» сыныптарының оқушыларын білім нәрімен Райгүл Бекова мен Эльмира Қасанғалиева сусындатпақ.
Білім күніндегі салтанатты мерекеде Әнұран орындалғаннан соң, мектеп директоры Бақытгүл Абдуллина жиынды ашып берді. Мектепте білім алушылар мен мұғалімдер жайында қысқаша баяндады. Барша жиылғандарды мейрамдарымен, жаңа оқу жылымен құттықтады. Білім ордасының жеткен жетістіктері жайында толық ақпарат беріп өтіп, бірінші сыныпқа келген оқушыларды және келесі жылы ҰБТ тапсыратын талапкерлерге сәттілік тілей отырып, биылғы оқу жылымен құттықтады.
Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала -елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Барлық бала бақытты болуы керек! Қазақстан Тәуелсіздігі жылдарында Елбасының басшылығымен бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың «Бақытты бала» ауқымды жобасы балалардың толыққанды дамуы үшін барлық жағдайларды жасауға ауданымызда, оның ішінде №2 Мәртөк мектеп - гимназиясында біршама жұмыстар жүргізіліп, жылма-жыл жаңартылған білім мазмұнына сай, жаңа жобалар игерілуде. Былтырғы жаңа оқу жылында «Робототехника» кабинеті ашылса, 2018-2019 жаңа оқу жылында «IT» кабинеті ашылуда.
Салтанатты жиынға аудандық білім бөлімінің басшысы Бекболат Сәрсенбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ауданымызда үш ауысымды мектепретердің жоқтығын айтып, бүлдіршіндерге арналған жаңа балабақшалардың ашылғандығын қуанышпен жеткізді. Биылғы ҰБТ-да жеткен жақсы жетістіктерді айтып, ауданымыз облыс бойынша алдыңғы қатарлардың бірінде екендігін баяндап, қуанышпен бөлісті. Оқушыларға жақсы білім алып, үлкен маман иесі болуларына тілектес екендігін айтып, қадамдарына гүл бітіп, еліміздің беделді азаматтары болуларын тіледі.
Ұлттың білімді болуы – мұғалімдер қолында. Осы тұрғыдан алғанда педагог қауымына жүктелген жауапкершілік жүгін пайымдау қиын емес. 2009 жылы Елбасы бастамасымен жүзеге асып келе жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында мектеп жылма-жыл өзінің түлектерімен, жас мамандар қатарымен толығуда. Биыл да білім ордасы қызық та, күрделі мұғалімдік жолына қадам басқалы тұрған, мұғалімдер қатарын толықтырып отырған жас мамандарды қарсы алды. Олар: ағылшын пәнінің мұғалімі, гимназия түлегі - Гүлзия Жұбаниязова, технология пәнінің мұғалімі – Шаттық Қали, математика пәнінің мұғалімі, мектеп түлегі - Аманжол Абдрахманов, музыка пәнінің мұғалімі, мектеп түлегі Еламан Қалыбаев.
Келесі сөз кезегі үлгілі ардагер ұстаз Амангелді Шағатаевқа беріліп, ол жас мамандарға жол сілтеп, игі тілегін білдіріп, ақ батасын берілді. Ұлттың рухани байлығы білімде, ұстанар бағыты тәрбиесінде, осы білім мен тәрбиенің сарқылмас кәусар бұлағының көзі мектепте екендігін жеткізді.
Гимназия түлектері, жас маман Тілеуленов Алімжан мен Жұбаниязова Гүлзияның орындауында «Ұстазым» әні орындалды. Сондай-ақ мерекеде жүректері лүпіл қаққан, еліміз үшін маңызды тарихи тұста, еліміздің бас қаласы – Елордамыз Астананың – 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Алтын орданың табалдырығын алғаш рет аттағалы тұрған бірінші сынып оқушылары қошеметпен ортаға шығып өлең оқыды.
Мұнан соң мектептен биыл түлеп ұшатын 11-сынып оқушылары Әсем Тыныштықова, Асқарбек Сақтапберген және мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған 1-сынып оқушылары Ағытай Сағынтық, Нұрайды Ғалымжанова алғашқы қоңырауды күмбірлете соқты.
Бұл күн мәңгі есте қалатын қуанышты күн. №2 Мәртөк мектеп – гимназиясына білім алушы бүлдіршіндердің жаңа лебі қосылуда. Алғаш білім ордасының табалдырығын аттау сәтіне барлық жиынға қатысушылар бірге куә болды. Ал, салтанатты жиын соңында барша оқушылар «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты» атты алғашқы сабаққа шақырылды.
Алғашқы қадамдарымен бірге ұлағатты ұстаздары қолдарына қалам ұстатып, өмір жолына бағыт-бағдар беріп, қазіргі таңдағы заманауи жаңа форматта білім алатындарына сеніміміз мол. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тəрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деп мұғалім рөлін жоғары бағалаған болатын. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде білім беру процесіне Мəңгілік Ел құндылықтарын енгізу, оқушыларды ел азаматы, білікті маман болуға, елге еңбек етуге, ғылым қууға, мақсаттары биік болуға шақыру жиынның басты мақсаты болып табылды.
Ұрпақтарымыз жасампаз, тәрбиелі де өнегелі болсын деп тілейміз!