КӘСІП КӨЗІ — КИІЗ ҮЙ

Кәсібін енді бастамақ болған кәсіпкерлер үшін барынша пайдалы бағдарлама «Бастау Бизнесті» сәтті тәмамдап, өз жобасын қорғағандар 6 пайыздық мөлшерлемемен оңтайлы қаржыландыруға және бизнес ашқан соң жан-жақты қолдауға ие болады. Ауданымызда да аталған жоба бойынша көптеген тұрғындар бизнес сауаттылығын арттырып, өз кәсіптерін ашып жатыр.
Сарыжар ауылының тұрғыны Сәндібай Болымбетов өткен жылы кәсіпкерлік негіздерін игеру мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір ай оқыған. Ол Астана қаласынан келген Жайық Жалауыш деген үйлестірушіде тыңдаушы болған. Биыл «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалынан кеңес алып, жобасын сәтті қорғап, жеңілдетілген шартпен 1 миллион теңге несиеге қолы жетті. Бұл қаражатты киіз үй алуға жұмсаған. Кәсіпкердің айтуынша, 120 адамға арналған киіз үйді безендірілуімен, жабдықталуымен толықтай қамтамасыз етіп, жалға береді. Әбзелдері ұлттық ою-өрнек салынып дайындалған. Тиімділік тұрғысынан қарағанда бұл өте ерекше шағын бизнес.
- Бағдарлама өз кәсібімді бастауға себеп болды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында Асылбек Үсенов деген кеңесшінің көмегі көп болды. Барлығын нақты түсіндіріп, өз кәсібімді ашуға көмегін аямады, алғысым шексіз. Небәрі бір ай шамасында құжаттармен жүріп, нәтижесінде, шілде айында 1 миллион теңге несие алдым. Оны жылдық 6%-бен ғана қайтаратын боламын, несие мерзімін де өзіме ыңғайлы етіп көрсеттім. Алты ай демалып, содан соң ай сайын өтейтін боламын. Қазір тапсырыс қабылдай бастадым, әзірше ауылдың ішінен ғана тапсырыс түсіп жатыр, - дейді кәсіпкер. Алға қойған жоспары да қомақты. Аудан тұрғындарынан түскен тапсырысты дер кезінде орындап, қызмет аясын кеңейтуді ойлайды.
Сәндібай Болымбетов жеке кәсіппен айналысу туралы ойластырғанда бірден киіз үй жалға беруді қолға алғанын айтады.
– Киіз үй – жай ғана баспана емес, бұл ұлттық мұра. Соңғы уақытта ұлттық дүниеге деген сұраныс артқаны қуантады. Бүгінде тек мерекеде ғана тапсырыс бермейді. Той, садақа секілді басқа да жиындарға сұрататындар баршылық, тапсырыс түсіп жатыр, – дейді өз кәсібін жолға қоя бастаған Сәндібай Орақбайұлы.
– Құжат, қағазбен қатысты жұмыстарда аздаған қиыншылықтар болады, бірақ еш шаршамау қажет. Әр адам өзін жұмыспен қамту үшін ерінбей еңбек ету керек. Жұмыссыз, екі қолға бір күрек таппай жүргендер 6% жеңілдікпен берілген несиені қолжетімді болғандықтан алу керек деп ойлаймын, – дейді ол.
Осындай ұлттық дүниелерімізді жалға бе­руді табыс көзіне айналдырғандар жоқ емес. Наурыз мерекесінің қазір барған сайын кең тойлана бастағанынан болар, олар­дың бизнестері тәп-тәуір пайда түсі­ру­де.
Той-думанның сәнін ұлттық дү­ние­ле­ріміз бен бұйымдарымыз келтіріп, Ұлыс­тың ұлы күні лайықты деңгейде өткізіліп, мәртебесі биіктеп жатыр. Сөнгенімізді қайта жа­ғып, жоғалғанымызбен енді қауыша бас­тағанымызда осындай жандардың ұлттық дүниелерімізбен байланысты жасап жатырған кәсіптері ел игілігіне жарап жатырса қалай қуанбасқа?!