МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР — МАҚТАНЫШЫМЫЗ, ал олар талапқа сай қолданыла ма?

Аудан әкімдігінде Мемлекеттік рәміздер жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі, мемлекеттік рәміздер жөніндегі аудандық комиссия төрағасы Жандос Байырханов төрағалық етті. Отырысқа аудандық бөлімдердің басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Бас қосудың мақсаты аудандағы мекемелердегі мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдану барысына жүргізілген зерделеу жұмыстарын талқылау болды.
«Мемлекеттік рәміздер елдің тәуелсіздігін бейнелейді, мемлекеттіліктің мызғымас негізін білдіреді және оларға деген біздің құрметіміз, сондай-ақ мемлекет тірегін сипаттайды. Сондықтан да біз осындай рухани-адамгершілік жалпыұлттық құндылықтарды терең ұғына отырып, тәуелсіз Қазақстанның шынайы патриоттарын қалыптастыра аламыз.
Аудандағы Вознесеновка, Полтавка, Веренка елді мекендердің тұрғындары Ресеймен шектескен ауылдар болғандықтан Қазақстан Республикасында тұратындарын сезіне бермейді. Аудан бойынша әрбір мекемеде мемлекеттік рәміздер — ту, елтаңба ілінбей қалмауы керек. Жетіспей жатырған мемлекеттік рәміздерді «Туған жерге тағзым» акциясы аясында алғызу керек. Отанға деген махаббатты қоғамға сіңіру үшін мектеп жасындағы оқушылардан бастау керек.
Ұлттық рухты асқақтататын – елдiк сана. Елдiк сана – ұлттық идеологияның өзегi. Біздің басты мақсатымыз ұлттық идеологияны қалыптастыру.Мысалы, Вознесеновка ауылы. Вознесен деген сол жерде тұрған қарапайым қыстақ иесінің есімі. Ауылдың атауына белгілі бір адамның есімін беру үшін ол өзге ұлт өкілі болса да, елге еңбегі сіңген белгілі адам, не болмаса елімізді, жерімізді қорғап қалған батыр болуы керек», - деді комиссия отырысын ашып сөз сөйлеген аудан басшысы.
Күн тәртібінде Аққұдық, Байторысай және Жайсаң ауылдық округтерінде мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану жөніндегі жұмыстары туралы, маңызды идеологиялық бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарының есептері талқыланды. Аққұдық ауылдық округінің әкімі Қуаныш Отаралиннің, Байторысай ауылдық округінің әкімі Қалыбай Жұмабаевтың, Жайсаң ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Әділхан Закеновтың баяндамалары тыңдалды.
Жиын барысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңнама нормаларының бұзылуына жол бермеуге баса назар аударылды. «Аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық білім бөлімі, әрбір округі әкімдері ақпараттық насихаттау мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы керек. Мемлекетімізді ғұмырлы ету – біздің ортақ мүддеміз. Қазақстан Республикасында тұрып жатырғанымызды ұмытпайық. Қазақстанның өзінің тарихы бар, сол тарихы маңызды», - деді жиынды қорытындылаған Жандос Байырханов.
Қаралған мәсле бойынша мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді, анықталған кемшіліктер талқыланып, тиісті жұмыстар бекітілді. Уәкілетті мемлекеттік органдардың басшыларына іс-шаралар өткізу және мемлекеттік рәміздер саласында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, сондай-ақ ақпараттық насихаттау мәселелеріне баса назар аудару қатаң тапсырылды.