Келісім-шартпен жұмыс істейтіндер зейнетақы қорына ақша аудармаса айыппұл төлейді

Енді келісім-шартпен жұмыс істейтіндер табысының 10 пайызын зейнетақы қорына аудармаса, айыппұл арқалайды. Бүгін қоғамда үлкен дау тудырған жаңа заңды түсіндірген Еңбек министрлігінің өкілдері сатылған пәтер мен автокөлік ақшасының бір бөлігін қорға жарна ретінде төлеу керек деген сөздің қайдан шыққанын да айтып берді.— Қазақстандықтар өзінің үйін, машинасын сатса, ақшасының 10 пайызын БЖЗҚ салық ретінде төлеуі керек деген ақпарат елде түсінбестік туғызғаны анық. Сондықтан көптің наразылығынан сескенсе керек, даулы құжатты әзірлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заңды мықтап түсіндіруге кірісті.
Айтуларынша, кез-келген адам өзінің дүние мүлкі: пәтер, көлігін сатса, ақшаның бір тиынын да зейнетақы қорына аударуға міндетті емес. Яғни заң тек келісім-шарт негізінде жұмыс істейтін адамдарға негізделген. Құжатқа сай енді олар ай сайынғы жалақысының 10 пайызын қорға аударып отыруы тиіс. Ал оған дейін зейнетақы қорына ақша аудару-аудармау жағы қандай да бір мекеме, кәсіпорындарда штаттан тыс істейтін қызметкерлердің өз еркінде еді. Енді екі апта бұрын күшіне енген заңға сәйкес, табысының оннан бірін қартайған шағына деп жинауға міндеттеліп отыр. Өйтпесе, жауапқа тартылады...