Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу кезіндегі азаматтардың құқықтары

Күнделікті уақытта мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің не екенін түсінбей, біз кез келген мәселелер мен сұрақтардың (мысалы медициналық, білім беру, мүліктік, рұқсат беру т.б) шешімін іздеп мемлекеттік мекемелерге жиі жүгінеміз.
Қазақстан Республикасы аумағында көрсетілетін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімі Үкіметтің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі №983 Қаулысымен бекітілген.
Әрбір азамат қызмет беруші көрсетуге міндетті қызметтерді біліп қана қоймай, оны мүмкіндігінше өз деңгейінде сапалы болуын да талап етуі қажет. Ол сыбайлас жемқорлықтың да көрінісін төмендетеді.
Сонда мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу кезінде біздің кандай құқықтарымыз бар?
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алушылардың құқығы:
- Мемлекеттік қызметтер алу кезінде тегін, әлеуметтік лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуге;
- Көрсетілетін қызметті берушіден мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда алуға;
- Мемлекеттік қызметтердің нақты тәртібі, мерзімдері мен нәтижелері көрсетілген стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтерді алуға;
- Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарының жобаларын жария талқылауларға қатысуға;
- Орталық мемлекеттік органның, облыстың, жергілікті атқарушы органының, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) олардың қызметкерлерінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен шағымдануға;
- Мемлекеттік қызметтер көрсету саласында бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау туралы талап арызбен сотқа жүгінуге құқығы бар.
*Мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы ақпаратты 1414 байланыс телефоны арқылы Бірыңғай байланыс орталығына хабарласып қызметтерді көрсету орындарындағы стендтерден, сайттардан, электронды үкімет веб-порталынан алуға болады.