БЖЗҚ-ның жаңа электрондық қызметтері арта түседі

Зейнетақы Қоры көрсетілетін қызметтерді жаңғырту және оңтайландыру жолында салымшылдар мен алушыларға жаңа, заманауи қызметтер ұсынады. Олар салымшыларды уақыт шығындап Қорға келіп құжат толтырудан құтқарады. 2017 жылдың маусымында Қор бірқатар жаңа сервистерді іске қосты. Олар атап айтар болсақ: қор кеңсесіне келмей-ақ, сайттағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша зейнетақы шотын ашу және зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша өтініш беру және сол өтініштің орындалу барысын қадағалау мүмкіндігі. Зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру үшін электрондық цифрлық қолтаңбадан басқа 20 саннан тұратын банктік шот туралы мәлімет және банктің деректемелері керек. Теңгелік шотты екінші деңгейдегі банкте немесе «Қазпошта» бөлімшесінде ашуға болады. Бұл ретте Қор салымшыға өтінішінің орындалу барысы жөнінде СМС-хабарлама жіберіп отырады. 2017 жылғы 31 шілдедегі жағдай бойынша Қор сайтындағы жаңа сервистерді 33 салымшы (алушы) ойдағыдай пайдаланған. Олардың ішінде 27 адам міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініш берген болса, 5 адам зейнеткерлік жасқа толуларына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш берген. Ал 1 адам мүгедектігінің мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш берген. Биыл аталған қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы іске қосу жұмыстары басталады. 2017 жылдың үшінші тоқсанында Қор тағы бір электрондық қызметті – салымшының қосымша деректемелеріне өзгерістер/толықтыруларды электрондық тұрғыда енгізуді жоспарлап жатыр. Бұл деректемелерге жеке басты куәландыратын құжаттың деректері (түрі, нөмірі, күні және осы құжатты берген орган), пошталық және (немесе) электрондық мекенжай, сонымен қатар үй, жұмыс және ұялы телефон нөмірлері жатады. Осылайша, Қор онлайн режимінде салымшының жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған бүкіл кезеңі барысында – жеке зейнетақы шотын ашқаннан бастап зейнетақы төлемдерін алғанға дейін оған ілеспе қызмет көрсетуге дайын.