Аялы алақан жүрекке жылу сыйлады

Қамшының сабындай мына қысқа өмірде әрбір адам баласы шама шарқынша аялы алақан мен жан жылуын аңсайтын жандарға қол ұшын бергенге не жетсін. Қайырымдылық атты ерекше қасиеттің әдемі үлгісі өткен жұмада №4 Мәртөк орта мектебінің ұйымдастыруымен «Аялы алақан» атты қайырымдылық акциясы Достық үйінде көрініс тапты. «Жанашырлыққа жан риза» демекші, қамқорлыққа мұқтаж балалардың жанашыр қамқоршысы болып, сауабы зор қарекетке атсалысу адамзаттың парызы болмақ. Осынау игілікті шараны ашқан аталмыш мектеп директоры Қыдырбай Шудабаевтың сөзі де ниеті де игі еді: - Жер шарының, адам атаулының Отаны – жер бетіндегі адамзаттың бірі бірі байболса, бірінің жағдайы төмен, енді біреулер тіптен мүмкіндіктері шектеліп, тағдырдың тауқыметін тартып, мүгедек те болады. Әлемдік деректерге сүйенсек, жалпы адамның үштен бірі ғана бай екен. Осының барлығы әрбір пенденің маңдайына жазылғаны десек те, адам қысылтаяңда бір-біріне дос, бауыр ретінде өзінің саналы сезімімен көмек көрсететін жандар деген ойдамыз. Біздің қазақ халқы қашан да қарапайым әрі кеңпейіл қасиетімен ерекшеленген. Сонау ықылым заманнан ата-бабаларымыз көптеген мәтелдерді айтып кеткен, - деген мектеп басшысы талайдың жетесіне жетерліктей мақалдардың майын тамыза келе, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі жеті оқушыға көмек қолын созған демеушілердің атынан арнайы жылы киім-кешек, оқу құралдарына толы сөмкелерді табыс етті. Мейірімділік таныту арқылы жақсы істің басын қайырған кәсіпкерлердің есімдері де аталды. Олар, Айнагүл Елеусізова, Ольга Молдашева, Тойдық Сарменова, Айнагүл Ашықбаева, Майра Еренова, Алмагүл Бекқалиева, Балзада Дауылбаева, Пахдагүл Қонысова, Светлана Миликова, Гүлназ Мурзагулова, Ғайни Жапақова, Гүлжан Бекешова.
Болашақта еліміздің өркендеуі үшін балаларға жасаған қамқорлықтың елімізге еселеп қайтатынын ескерген аудан әкімі Нұржауған Қалауов бастаған басшылар, зал толы ата-аналар мен шақырылған қонақтар және ұстаздар қауымы, сахнаға қойылған арнайы жәшікке тиын-тебендерін салып жатты. Ал барынша әсем безендірілген сахнаның құдіретін сезінген мектеп өнерпаздарыныңғ ұмтаз бен оқушы, ана мен бала, бауырлардың көмейінен сиқырлы үн төгілгендей күйге бөледі.
Ағымдағы жылы бастау алған «Үлкен ел – үлкен отбасы» атты жалпұлттық жоба аясында және «25 қайырымды іс» акциясын сабақтастыра отырып, мектеп пен отбасы арасындағы байланыстың нық көрінісін бейнелеген концерттік бағдарлама көптің көңілінен шыққаны анық. Тобышбаева Әселдің орындауындағы «Тек алға», Ақмарал Қамзинаның қызы Дианамен бірге шырқаған «Әке, ана», апалы-сіңлілі Нұршат пен Ақмаралдың «Армансыз күнім болмайды», Камзина Әсел қыздары Анель мен Аринаның «Атамекен», Базарбаев Аралдың қарындастары Асылай мен Әсемайдың шырқауындағы «Бала тілегі», Мұханов Жаңажолдың орындауындағы «Жаяу» әндері, Аружан Жұмагулованың домбырасынан төгілген «Сәлем» термесі, мектеп оқушыларынан құрылған оркестрдің күйі, ағайынды Жақсылық пен Жамбыл Патиховтардың шырқап салған «Туған ел» және Аймағамбетова Шолпан мен жолдасы айқын Мағауяұлының орындауындағы «Өзіңді іздедім», Хадиша Күндебаева мен Қымбпат Қорғанбаеваның салған «Перзент парызы» әндері, «Балдәурен» хорының шеберлікпен орындап шыққан «Егемен ел» атты әуендер әрбір жүректегі патриоттық сезімнің қылын қозғап, көңілге медеу сыйлап, бірсыпыра тыңдарманның көзіне жас та үйірді.
Бір сәтке өзге ойдан арылтып, көңілдің күйін шерткен концерттік бағдарламаны қорытындылаған аудан басшысы Нұржауған Серікұлы былай деді:
- Бүгінгі шараға атсалысып, ақ ниеттер еселене тсүкен «Аялы алақан» кеші ерекше әсер қалдырды. Қазақта «Жетім көрсең, жебей жүр» деген нақыл сөз бар. Бұл талай тауқыметті өткерсе де жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, қарттарын сыртқа теппеген ұлтымыздың ұлағатты сөзі. Бүгінгі таңда, түрлі жағымсыз ақпараттардың көптігі сонша, тыңдаған соң, ауырлық сезінесің. Ал осы кештен біз жақсы энергия ала алдық, сауапты істің куәсі болдық. Аллаһ тағаланың өзі көп нәрсеге асығуға шақырады ата-анаңды ренжітсең, кешірім сұрауға, жылаған балаңды қуантуға, жетімді көрсең жебеуге, жоқ-жітікке көмек беруге асық дейді. «Бір қолыңның бергенін екінші қолың білмесін» дейді. Ал осында жиналған жұртшылық жақсылық жасауға асыққан жандар деген үміттемін.
Шара соңында мектеп әкімшілігі мен ата-аналар комитеті бірлесіп жәшікке түскен қаражатты есептеп, 76 400 теңгені ақылдаса отырып, көмекке зәру мектеп оқушыларының мұқтаждығына жұмсалатынын айтады.